Алматыда 20-дан астам медицина мекемесі қызмет құнын заңсыз көтерген
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда прокурорлар 23 медицина мекемесі ақылы қызмет құнын заңсыз өсіргенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарастырылған шаралар нәтижесінде туберкулезге қарсы күрес диспансерінен анықтама беру құны екі есе (500 теңгеден 250 теңгеге) төмендетілді.
Талдау нәтижесі бойынша, бұдан тыс тағы 22 медицина мекемесінде анықтама құнын қолдан қымбаттатқан.
«Қала прокуратурасы енгізген актілер көрсетілген қызмет бағасын арзандатуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, АИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығында басқа қалалардан келген азаматтарға анықтама беру құны 650 теңге болған. Бұл төлем жойылды. Наркологиялық орталық анықтамасының құны 250 теңгеден 180 теңгеге, психиатриялық денсаулық орталығы анықтамасы 250 теңгеден 205 теңгеге дейін арзандатылды. Бұдан тыс, 19 емхананың 083 және 086 форма анықтамаларын беру қызметінің құны айтарлықтай төмендетілді», - дейді прокуратура қызметкерлері.
Бұған кінәлі медицина қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Статистика бойынша, аталған анықтамаларды жыл сайын 10 мыңнан астам азамат алады екен.