Алматыда 20 күннің ішінде 113 мыңға жуық азамат тіркеуден өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Көші-қон полициясы басқармасы 5-24 қаңтар аралығында Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 112 638 азамат тіркелгенін, оның 91 188-і уақытша тіркеуге, 21 450-і тұрақты тіркеуге тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Алатау ауданы бойынша тіркеуге тұрғандар саны көп. Бұл ауданда 20 146 адам тіркелсе, Әуезов ауданында - 19 686, Жетісу ауданында 13 012 адам тіркелді. Азаматтардың белсенділігі дәл осы аудандарда байқалады. Сонымен қатар, Электронды үкімет порталы арқылы 1 161 адам тіркеуден өтті. Барлық ХҚКО-дарда халыққа қолайлы болу үшін Көші-қон полициясының 8 қосымша қызмет көрсету орны ашылды.
Айта кетейік, азаматтар уақыттарын жоғалтпау үшін өзіне жақын қаладағы кез келген ХҚКО-ға тіркелу жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, уақытша тіркелушілерді тұрғын үй иесі өзі-ақ тіркей алады», - деді қалалық ІІД Көші-қон полициясы азаматтарды тіркеу және құжаттандыру бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Айкен Қасымова.