13:47, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматыда «20-шы ғасырдың көрнекті интеллектуалдары» Құрмет кітабына кірген қазақ ғалымын еске түсіруге арналған дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда белгілі экономист-ғалым, академик, профессор, экономика ғылымдарының докторы, тәлімгер ұстаз Марат Балғожаұлы Кенжеғозинді еске түсіруге арналған дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараны ҚР Білім және ғылым министрлінің Экономика институты ұйымдастырып отыр. Отандық ғылымдағы алғашқы қадамын Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономика ғылыми-зерттеу институтында бастаған М. Кенжеғозин өмірінің соңғы 11 жылында Экономика институтын басқарған болатын.
«Марат Балғожаұлы жұмыс істеген кезде қызметкерлер арасынан оннан аса адам ғылым докторы атанды. Институттың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Институт өзінің ғылыми еңбектерін Кенжеғозин құрған өз баспа орталығында шығарады. Институттың ұлттық экономиканы дамыту мәселелерін зерттеу жөніндегі ғылыми орталық ретіндегі беделі артты, оның талдамаларына мемлекеттік құрылымдар тарапынан қажет етушілік ұлғайды. Институттың ұсыныстары мен кепілдемелерін ҚР Президентінің Әкімшілігі, Үкімет Аппараты, Министрлер Кабинеті кеңінен пайдаланды», дейді институттың қазіргі директоры, экономика ғылымының докторы Оразалы Сәбден. 18 экономика ғылымдарының докторы мен 45 ғылым кандидатын дайындаған М. Кенжеғозин 400-ден астам ғылыми жұмыстың, соның ішінде 20-дан астам монографияның авторы. Ғалымның еңбектері қоғамда және елімізде лайықты бағасын алды. Оның қайраткерлігі тек елімізде ғана емес, одан шалғай жерлерде де танымал етіп, лайықты құрметке бөледі. Оның есімі Англияда шыққан «20-шы ғасырдың 2000 аса көрнекті интеллектуалдары» атты Құрмет кітабына енгізілген, ал экономикалық реформалардың теориясы мен практикасын дамытудағы еңбегі үшін ол Ерекшелік орденіне Кембридж Халықаралық библиографиялық орталығының медалі мен дипломына ие болды.