Алматыда 20 зейнеткерге шипажайға баруға жолдама берілді (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Алматының 1000 жылдығына - 1000 ізгілікті іс» жақсылық пен мейірімділік акциясы аясында G38 жастар ұйымы кезекті қайырымдылық шарасын өткізді.
Бұл жолы 20 зейнеткер (олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері де бар) «Қазақстан» шипажайына жолдама алды.
Олар енді шипажайда дәрігерлердің ақыл-кеңестерін алып, емдік массаж, емдік ванна, Шарко душын қабылдайды, минералды сулары бар бассейнге түседі және басқа да сауықтыру шараларына қатысады.
G38 жастар ұйымының мүшесі Борис Кулов бұл акцияның «Қазақстан» шипажайы басшылығымен бірлесіп жүзеге асырылғандығын айтты.
«Шипажай 20 тегін жолдама берді. Негізі 10 күндік бір жолдама бұл шипажайда 110 мың теңге тұрады. Бұл акция бұдан кейін де жалғасын табады. Студенттер осылайша бүкіл қала тұрғындарына үлгі болып жатыр», - деді Б. Кулов.
Таяуда белсенді жастар Instagram әлеуметтік желісінде өздерінің парағын жасаған болатын. Қазір онда қайырымдылық шаралары туралы ақпараттар тұрақты түрде беріліп жатыр. Бұл парақшаға қазіргі таңда 900 интернет пайдаланушы тіркелген. Олардың ішінде эстрада әншілері де бар.