Алматыда 200 гектар аумақта құрғақ шөп өскен жер жыртылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда өрттің алдын алу мақсатында 200 гектар аумақта құрғақ шөп өскен жер жыртылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, құрғақ шөп өрті 52 пайызға азайды. Былтыр 162 факті тіркелсе, 2022 жылы 77 жағдай орын алған.
«Айтарлықтай, өрт аумағы 80%-ға азайып, биыл 2,8 гектарды құраса, өткен жылы өртке оранған ағаштың жалпы көлемі 13,5 гектар болған. Өрттің шығуына көп жағдайда отқа абайсыз қарау және шабылмаған құрғақ өсімдіктер себеп болды», - деді Алматы қалалық ТЖД бастығы.
Руслан Қасыбаев жеке сектор тұрғындарына да осы тақырып төңірегінде ұсыныс айтты.
«Біріншіден, кез келген азамат 101 немесе 112 телефондарына хабарласып, өрттің шығу орнын айтып, не жанып жатқанын нақтылауы керек. Мүмкіндік болса және қауіп төнбесе, өртті жою шараларын қолдану қажет. Қауіп төнген жағдайда, құтқарушыларды күткен абзал», - деді Руслан Қасыбаев.
Сонымен қатар, ол биыл құрғақ шөптің өртенуі салдарынан жалынның тұрғын үйлерге жайылғанын атап өтті.
«Алатау ауданының Шал Қолда көшесінің бойында 1000 шаршы метр аумақта құрғақ шөп өртеніп, қызыл жалын салынып жатқан жеке тұрғын үйге ауысты. Өртті сөндіруге 27 өрт сөндіруші жұмылдырылды, өрт бір сағат ішінде жойылды, зардап шеккендер жоқ», - деді спикер.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы мегаполис тұрғындары мен қонақтарын ауа райының ыстықтығын ескере отырып, темекі тұқылдарын құрғақ шөпке тастамауға, аумақты, әсіресе, бау-бақша учаскелерін құрғақ шөптен алдын ала тазартуға шақырды.