Алматыда 2007 жылдан бері үлескерлердің үмітін ақтамаған құрылыс компанияларына қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды

Жыл басынан бері 6 тұрғын үй кешенінің 2 049 үлескерінің мәселесі шешілді. Бұл туралы бүгін Алматыда құқық қорғау мәселесі бойынша өткен арнайы кеңес барысында қала прокуроры Әмірхан Естаев айтты.
Оның айтуынша, 27 кешеннің 6-уы проблемалы нысандар қатарында. «Прокуратура тарапынан басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп алданған үлескерлер пайдасына алаяқ құрылыс компанияларын жазалау шаралары қатаңдатылды. Үлескерлер мәселесі басталған 2007 жылдан бері құрылыс компанияларының басшыларына қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды. Оның 7-уі бойынша 23 тұлға 1 жылдан 19 жылға дейін сотталды», деді қала прокуроры. Қазіргі кезде қаржы полициясының қарауында 3 қылмыстық іс, 5 тексеруге дейінгі материал жатыр. Бұлар бойынша үлескерлерге келтірілген залал 30 миллиард теңгеден асады. Жалпы алғанда алаяқ құрылыс компаниялары үлескерлерден 47 миллиард теңге тартқан. Оның 17 миллиарды жер учаскелерін сатып алуға жұмсалған. Құқық қорғау органдарымен қазіргі кезде құрылыс компанияларының 22 миллиард теңгелік мүлкі тұтқындалған. Бұнымен қатар тұтқында құны анықталмаған мүліктер де бар. Қазіргі кезде бұл мүліктерді үлескерлер пайдасына беру жұмыстары жалғасуда. «2009 жылы үлескерлердің үлесін қайтару мақсатында 6 арыз бойынша 3 миллиард 461 миллион теңге өндіріліп берілген. Биылғы жылдың өткен айларында сот органдарына прокуратура тарапынан 9 үлескердің шағымы беріліп, оның 4-уі бойынша 1 миллиард 869 миллион теңге өндіріліп берілді», деді Ә.Естаев.