Алматыда 2009 - 2010 жылдар аралығында қаңғыбас иттердің 40 мыңы ауланды

АЛМАТЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Үйсіз жүрген жануарларды бақылау әдісі елімізде тиімсіз жүргізілуде.

Алматыда 2009 - 2010 жылдар аралығында қаңғыбас иттердің 40 мыңы ауланды

2009 жылы Алматыда иесіз иттердің саны 16 мың болды. 2009 - 2010 жылдар аралығында қаңғыбас иттердің 40 мыңы ауланып, өлтірілді. Оған бюджеттен 120 млн. теңге бөлінді. Бірақ, атқарылып жатқан істерге қарамастан 2010 және 2011 жылғы есеп иесіз иттердің қайта көбейгендігін көрсетіп отыр. Қазір Алматыда қаңғыбас иттердің саны 16 500- 17 300 аралығында. Бұл жағдай бүгінде еліміздің барлық жерінде сипат алуда. Бүгін Алматыда Дүниежүзілік жануарлар күніне орай өткізілген баспасөз мәслихатында "КАRЕ - Забота" қоғамдық қорының вице-президенті Наталья Александрова осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, қолданылып жатқан әдістердің тиімсіздігі тиісті орындардың мәселенің түпкі тамырына назар салмай, аурулардың белгілерін жоюмен айналысуында жатыр.

"Иесіз иттердің көшеде жүруі, қаңғыбас иттердің санының көбеюі адамдардың өз қолымен жасап отырған ісі. Оны тіпті, адамдардың төменгі мәдениетінен деп те айтуға болады. Біз осы мәселеге барлық адамзатты назар аударуға шақырып, өз асырауындағы жануарларға "үлкен жауапкершілікпен" қарауды сұраймыз. Сонда ғана бұл мәселе шешімін табады",-деді Н. Александрова.

Оның айтуынша, жануарларға арналған паналардың барлығы жеке меншікте. "Оларды ұстау орны қарапайым нормаларға сай емес. Қазіргі уақытта барлық уақытша орындар толып тұр. Қоғамда жануарларға деген сүйіспеншілік пен адамгершілікті қалыптастыру қажет, сонда үйсіз, панасыз жануарлардың саны азаяды",-деді ол.