Алматыда 2009-2010 жылдарға арналған мүгедектерді сауықтыру бағдарламасы қабылданды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда 2009-2010 жылдарға арналған мүгедектерді сауықтыру бағдарламасы қабылданды. Бұл туралы бүгін IV шақырылған қалалық мәслихаттың XVII сессиясында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Амангелді Нұрланов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, қабылданған бағдарламаны қаржыландыру жергілікті бюджет пен басқа да қаржы көздері арқылы жүзеге асырылады.Бұл бағытта 8 526 330,6 мың теңге жұмсалмақ. Аталған бағдарлама мүгедектерді әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін дамыту, мүгедектерді сауықтыру тетіктерін дамыту, олардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жасалған. Бағдарламада мүгедектерді медициналық, әлеуметтік және кәсіби сауықтыру бағыттары қарастырылған.«Әлемдегі қиын экономикалық ахуалға қарамастан Үкімет пен әкімшіліктің икемді де, мерізімді саясаты арқасында әлеуметтік-экономикалық салаға көлеңке түсіп отырған жоқ», дейді Амангелді Нұрланов.Бүгінде Алматыда мүгедектер саны 34 515 адамды құрайды.