Алматыда 2009-2011 жылдарға арналған 12 жылдық білім жүйесіне көшу жоспары бекітілді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда 2009-2011 жылдарға арналған 12 жылдық білім жүйесіне көшу жоспары бекітілді. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен IV шақырылған қалалық мәслихаттың XVII сессиясында қалалық білім басқармасының бастығы Рахат Шимашева айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Р.Шимашеваның айтуынша, жоспар бойынша биылғы жылдың 2-ші жартысынан бастап қала мектептерінде тілді білуіне қарай оқушылардың мәліметтер базасы, мектепке дейінгі дайындық үшін 5 жастағы балалар туралы мәліметтер базасы мен педагогикалық кадрлардың қажеттілігі туралы электронды мәліметтер базасы мен сараптамалық материал жасақталады.Сондай-ақ 2010 жылдың екінші жартысында қала бойынша 12 жылдық білімге көшу қажеттілігі бар білім орындары туралы арнайы жоспар жасалу көзделген.«Жергілікті бюджеттен біз интерактивті тақталар, мектептерге оқу-методикалық құралдар алу, физика, химия, биология кабинеттері мен спорт залдарды, оқу шеберханаларын жасақтау үшін қаржы бөлмекпіз. Ал республикалық бюджеттен бөлінген қаржы мектептерді қайта жөндеу мен мектеп жиһаздарын алуға жіберіледі», деді Р. Шимашева.