Алматыда 2012 жылы қоғамдық көліктер 3 млрд. 770 млн. жолаушы тасымалдады
АЛМАТЫ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматыда соңғы 2 жылда қоғамдық көліктер 33 пайызға жаңарды. Қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Талғат Әбдірахмановтың айтуынша, шаһардағы 24 тасымалдаушыда 1250 автобус, 20 трамвай, 118 троллейбус, 7 метро вагоны бар.
Бұдан бөлек тағы 230 автобусты тасымалдаушылар сырттан алады. Жолаушылар тасымалдаудағы 117 бағыттың 105-і - автобустық, 10-ы - троллейбустық, 2-уі - трамвайлық.
«Автобустардың 65 пайызы 5 жылдан асқан, 19 пайызы 15 жылға дейінгілер болса, қалғаны 15 жылдан асқан көліктер. 2011-12 жылдары қоғамдық көліктер паркі жаңа 503 автобус және 100 троллейбуспен толықты. Ал қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалдау былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға артты. Соның нәтижесінде жолаушылар саны 3 миллиард 770 миллион адамды құрады», - дейді Талғат Әбдәкәрімұлы. Т. Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы қалада 2-ші муниципиалды автобус паркі ашылады. Ондағы 200 автобус пен 200 такси түгелдей газбен жұмыс істейтін болады.