15:30, 08 Мамыр 2013 | GMT +5
Алматыда 2014 жылы қоғамдық көліктер қызметін электрондық билетке ауыстыру жұмысы басталады
АЛМАТЫ. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда қоғамдық көліктерді электрондық билетке көшіру жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Талғат Абдрахманов бүгін almaty-transport.kz порталының таныстырылымы кезінде айтты.

«Қоғамдық көліктерді электрондық билетке көшіру үшін Еуропа қайта құру және даму банкі 1 жыл бұрын грант бөлген еді. Бұл мәселе бойынша жұмыс жасап жатқан француздың Икси компаниясы жылдың аяғына қарай оның құжаттарын дайындап, бізге таныстырады. Оны Еуропа қайта құру және даму банкінің несиесімен жүзеге асыру туралы келісіміміз бар», - дейді Т.Абдрахманов. Оның айтуынша, қоғамдық көліктер қызметін электрондық билетке ауыстыру жүйесі жасалған соң, 2014 жылы байқау жарияланып, оны жүзеге асыратын арнайы мекеме белгіленбек. Ол кезде қоғамдық көліктер арқылы жолаушылар тасымалдау жүйесі өзгеріп, қызмет сапасы жаңа деңгейге көтерілмек.