Алматыда 2015 жылы мезгілінде төленбеген салықтар көлемі 32 пайызға азайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мезгілінде төленбеген салықтар көлемі 25,7 млрд. теңгеден 17,4 млрд. теңгеге, яғни 32 пайызға азайтылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткізілген баспасөз брифингі барысында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жетекшісінің орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлім етті.

Алматыда 2015 жылы мезгілінде төленбеген салықтар көлемі 32 пайызға азайды

Оның айтуынша, Алматыда өткен жылы кәсіпорындар бойынша барлығы 824 деректі тексерулер жүргізілген.

«Мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды әкімшілендіру нәтижесі бойынша 21 млрд. теңгеге қосымша декларация ұсыну қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Алматыда жалған кәсіпкерліктің жолын кесу мақсатында барлық бағытта тиісті шаралар қолданылып жатыр. Соның арқасында бюджетке қосымша 7 млрд. теңге төленді. Сотқа дейінгі бірыңғай тергеу тізіміне 546 қылмыстық іс тіркеліп, 74 қылмыстық істің өндірісі аяқталды. 66 іс сотқа жіберілді. Қалада 6 кәсіпорын сот үкімімен жалған кәсіпорындар болып танылды. Ал өтелген залал - 11 млрд. астам теңгені құрады», - деді Ж. Іңкәрбаев.

Айта кетелік, 2015 жылы Алматы қаласы тарапынан мемлекеттік бюджетке түскен түсімнің көлемі - 1 трлн. 535 млн. теңгеге жеткен. Бұл барлық салықтық түсімдердің үштен бірін құрайды.