Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиаданы өткізуге 5 мың адам жұмылдырылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2017 жылы өтетін бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы өткізуге барлығы 5 мыңдай адам жұмылдырылады. Олардың ішінде ұйымдастыру комитетінің қызметкерлері және еріктілер бар. Волонтерлер әлі де қабылданып жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда Универсиадаға дайындық аясында отандық өнім өндірушілермен ынтымақтасу форумы барысында Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің директоры Әсет Әбдуәлиев мәлім етті.
None
None

Сонымен қатар оның айтуынша, Алматы Универсиадасы әлемнің 80 еліне трансляцияланатын болады.

«Универсиада ойындарын он күн ішінде күн сайын 1 млрд. жуық адам тамашалайтын болады. Бұл жерде біз әлемнің ең ірі компанияларымен ынтымақтасатын боламыз», - деді Ә.Әбдуәлиев.

Бұдан басқа, ол Универсиада аясында сноубордтың нақты қай тармағы бойынша жарыс өтетіндігін нақтылады.

«Сноубордтың «хафпайп» деген пәні бар. Бірақ оны өткізуге бізге 2 млрд. теңге керек. Бұл үшін жер қазу жұмыстары жүргізіледі, яғни шығыны көп. Сондықтан біз оны «биг-эйр» деген түріне ауыстырдық. Бұл жаңа ойын Универсиада аясында және қаламызда тұңғыш рет өткізілейін деп отыр. Биг-эйр - өте қызықты және өте әдемі ойын. Онда сноубордшы арнайы тұғырдан секіріп әуеде әр түрлі акробатикалық элементтер орындайды. Осы ойын үшін қала орталығында арнайы алаң белгіленіп, ол жерге уақытша конструкция орнатылатын болады. Қала тұрғындарының келіп тамашалауына өте қолайлы. Әзірге уақытша құрылымның қай жерге орнатлатындығы белгіленген жоқ. Барлық құрылыс жұмыстарының бағасы 200 мың еуроны құрайды. Хафпайпқа қарағанда анағұрлым арзан», - деді Ә.Әбдуәлиев.

Естеріңізге сала кетелік, Универсиада ойындары Алматы қаласында 2017 жылы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында 8 спорт нысанында спорттың 13 түрінен өтетін болады. Олар: мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, коньки жарысы, фристайл және допты хоккейдің көрнекі түрі.

Соңғы жаңалықтар