Алматыда 2017 жылы өтетін 28-ші қысқы Универсиада ойындарына арналған кері санақ стеласы ашылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының іргесінде 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші қысқы студенттік Универсиада ойындарына 500 күн қалғанын білдіретін арнайы стела ашылды.

Алматыда 2017 жылы өтетін 28-ші қысқы Универсиада ойындарына арналған кері санақ стеласы ашылды  (ФОТО)

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, «Алматы қ. Халықаралық спорт жобалары Дирекциясы» Мемлекеттік Қорының директоры Илья Оразақов және қаладағы жоғары оқу орындарының студент жастары, волонтерлар мен қала тұрғындары қатысты.

Өз сөзінде Зәуреш Жұманәлиқызы Алматыда мұндай стела осымен екінші рет ашылып отырғандығын айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, біз Алматыда 2011 жылы қысқы Азия ойындарын ойдағыдай өткіздік. Соған 100 күн қалғанда дәл осы жерде арнайы стеланы ашқан болатынбыз. Бүгін мінеки, дәстүрлі түрде, 2017 жылы өтетін қысқы Универсиада ойындарына арналған кері санақ стеласын ашқалы отырмыз. Енді күнде осы жермен өтетін қала тұрғындары мен қонақтары Универсиадаға қанша күн қалғанын біліп жүретін болады. Универсиаданың біздің қала үшін маңызы өте зор. Соның арқасында бүкіл әлем халқы бізді жақын тани түседі. Қазақстанның беделі артады. Ал Универсиада мұралары болып саналатын спорт нысандары кейін халық иглігіне пайдаланылады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Елімізде спорт ойындары одан әрі қарқынды түрде дами түседі», - деді З. Аманжолова.

Осыдан кейін Зәуреш Аманжолова, Илья Оразақов пен 28-ші қысқы Универсиада ойындарының демеушісі - LG компаниясының вице-президенті Ли Сан Хун үшеуі стеланың қызыл лентасын кесіп, шымылдығын ашты. Стела сұңқар құстың қауырсындары түрінде жасалған. Сонымен, Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға бүгін - 500 күн қалды.

Естеріңізге сала кетелік, Универсиада ойындары Алматы қаласында 2017 жылы 28-ші қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында спорттың 13 түрінен өтетін болады. Олар: мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, коньки жарысы, фристайл және допты хоккейдің көрнекі түрі.