Алматыда 26 мың литр жанармайды заңсыз сатқандар анықталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түрксіб ауданындағы 2 жанар-жағармай кұю бекетінде 26 295 литр бензиннің заңсыз сатылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласы Мемлекетттік кірістер департаментінің мәліметінше, екі жанармай бекетінің иесі бір адам. Кәсіпкер «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңды бұзған.
«15 маусымда бір салық төлеушіге тиесілі екі жанармай құю бекетінде тақырыптық салықтық тексеру жүргізу барысында жалпы көлемі 26 295 литр мазут көлеміндегі мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 281-бабының 5-тармағы 8-тармақшасы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген»,- деп хабарлады департаменттен.
Қазіргі уақытта жоғарыда аталған факті бойынша шешім қабылдау үшін іс Алматы қаласының сот органдарына берілмек.