Алматыда 29 мыңнан астам адам Pfizer вакцинасын салдырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 3 824 адам коронавирус вакцинасын салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«28 желтоқсан күні 3 825 алматылық вакцина салдырды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 28 желтоқсан аралығында қалада 1 047 279 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін,1009 567 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 123 278 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 29 276 адам салдырды. Оның ішінде 1 600 жүкті әйел, 5 840 бала емізетін ана және 21 836 жасөспірім бар.
Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 екпе бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.