Алматыда 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында мегаполисті инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту мәселесіне жеке тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр

Мемлекет басшысы Алматының Түрксіб және Жетісу аудандарындағы ескі үйлерді қайта жаңғырту қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар көгалдандыру, қаладағы тазалықты сақтау, құрылыс кезінде сейсмологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, таулы аумақтардан жер телімдерін беруге қатаң бақылау орнату мәселелері жайында да айтты.

– Жалпы Алматыда жер тапшы екені белгілі. Бірақ Бас прокуратураның мәліметіне қарасақ, қалада 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр. Оның бәрін толыққанды экономикалық айналымға енгізу қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке қала құрылысының интерактивті картасын әзірлеуді ұсынды. Бұл, ең алдымен, осы саладағы жұмыстың мейлінше ашық болуы үшін қажет.

Президент қоғамдық бақылаудың қажеттігін атап өтті.

Оның сөзінше, құрылыс жүргізу үшін Қоғамдық кеңестің келісімі талап етілетін жерлер картада айқын белгіленуге тиіс.