Алматыда 3 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Алматы қаласында үш мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев шаһар тұрғындарымен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Азамат Есқараев 2022 жылы бірқатар заңнамалардың түбегейлі өзгергенін айтты. Атап айтқанда: саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін заңдар өзгерді. Биыл алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтпек.
Сондай-ақ министр заң көмегін көрсету, азаматтық хал актілерін тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, атқарушылық іс жүргізу сияқты мемлекеттік қызметтерді дамыту мәселелеріне тоқталды.
Айтуынша, 2023 жылдың 1 тоқсанында ғана Алматы қаласында үш мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді. 2022 жылғы 20 маусымнан бастап «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңына құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілген тұлғалар тобын кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Енді аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, азаптау құрбандары, 1 және 2 санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін заң көмегін ала алады.
«Алматы қаласы бойынша 24 мемлекеттік және 300 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Қалада 2022 жылдың мамыр айынан бері алимент өндіріп алумен айналысатын төрт жеке сот орындаушысынан құралған жеке кеңсе жұмыс істейді. Алимент өндіріп алу бойынша мамандандырылған кеңселер ашу тәжірибесін әр өңірде кеңінен тарату қажет деп санаймын», - деді министр.
Кездесу диалог форматында өтті. Өңір тұрғындарын министрге атқарушылық іс жүргізу, нотариат және тегін заң көмегін көрсету саласындағы мәселелер туралы сұрақтарын қойды.