Алматыда 300-ден астам прокуратура қызметкерлері кезектен тыс аттестаттаудан өтеді

      АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат -  Алматы қаласы прокуратурасының www.almaty.prokuror.kz сайтында  қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы айдар ашылды.

Алматыда 300-ден астам прокуратура қызметкерлері  кезектен тыс аттестаттаудан өтеді

  Бұл туралы прокурордың  БАҚ жөніндегі аға көмекшісі Гүлнар Байсаламова бүгін арнайы өткізілген баспасөз брифингінде мәлім етті.

 «Кезектен тыс аттестаттаудан Алматы қаласында 300-ден астам прокуратура  қызметкерлері өтеді. Қазіргі кезде прокуратура сайтында «Алматы қаласы прокуратура органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау» деп аталатын арнайы айдар ашылды.  Онда аттестаттау тәртібінің бұзылуы фактілері мен  прокуратура органдарының аттестаттауға жатпайтын лауазымды тұлғаларының сыбайлас жемқорлық пен басқа да құқық бұзушылықтар жасауы, қызметтік әдеп нормаларын сақтамауы туралы ҚР Бас Прокурорына тікелей өтініш беруге болады», - дейді Г.Байсаламова. Оның айтуынша, түскен мәліметтер және оған кірген адамдарға қатысты ақпараттар құпия болып табылады. Арнайы электронды мекен-жайға түскен өтініштер  прокуратура сайтында көрсетілмейді. Жеке және заңды тұлғалардан түсетін мәліметтер прокуратура органдарының тек құзырлы қызметкерлеріне ғана қолжетімді болады. Қажет болған жағдайда қызметтік тексеру жүргізіліп, өтініштерді қараудың нәтижесі кезектен тыс аттестаттау кезінде комиссиялармен ескеріледі. Бүгінгі таңда құрамына БАҚ пен  қоғамдық және ардагерлер ұйымдарының өкілдері кіретін қалалық прокуратура бойынша аттестациялық комиссия құрылды.