Алматыда 300 грамм гашиш өткізбек болған қылмыскер құрықталды

АЛМАТЫ. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы ІІБ есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері 300 грамм гашиш сатпақ болған қылмыскердің жолын кесіп, табысты операция өткізді,

Алматыда 300 грамм гашиш өткізбек болған қылмыскер құрықталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полицейлер бірнеше апта бұрын алматылық 35 жасар азаматтың ұзақ мерзім бойы гашиш сатумен айналысып келе жатқандығы жайлы жедел ақпарат алады. «Сатып алу» әдісін қолданып, жедел іздестіру шараларын өткізу барысында гашиш саудагері қылмыс үстінде құрықталды. Азаматты тәркілеу барысында одан гашиші бар полиэтиленді қап табылған.

Белгілі болғандай бұл азамат әлденеше рет ауыр қылмыстарға барғандығы мен есірткі сатқаны үшін бұрын да жазаланған болып шықты. Дәл қазіргі уақытта оның еш жерде жұмыс істемейтіндігі анықталған. Тергеу ісі аяқталғанға дейін ол уақытша қамау бөлмесінде болмақ. Оның үстінен ҚР ҚК 259-шы бабы бойынша өте көп мөлшерде есірткі заттарын сатты деген айып тағылуда.

Қазіргі уақытта қаланың ІІБ есірткі сатумен күрес басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын сататын арналарды құрықтау үшін жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.