Алматыда 31 741 жасөспірім мен 2 262 жүкті әйел Pfizer вакцинасын алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 2009 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«1 ақпан күні 2009 алматылық вакцина салдырды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Өткен жылдың 1 ақпаны мен биылғы жылдың 2 ақпаны аралығында қалада 1 072 974 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1 034 286 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 124 134 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 43 563 адам салдырды. Оның ішінде 2 262 жүкті әйел, 9560 бала емізетін ана және 31 741 жасөспірім бар.
Ревакцинациядан 159 149 алматылық өтті.
«Бүгінгі таңда қалада медициналық ұйымдарда 119 вакцинация пункті жұмыс істейді. 140 вакцинация бригадасында 520 медицина қызметкері жұмылдырылды» - деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.