Алматыда 31 қазан күні «Арсенал» жедел алдын алу шарасы басталады
АЛМАТЫ. 25 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қазан айының 31 мен карашаның 2-сі аралығында қаламыздағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыру, жарылғыш заттар мен атыс қаруларының таралуының жолын кесу мақсатында «Арсенал-2011» жедел алдын алу іс-шарасы өтеді.
«Бұл шара бізге тіркелмеген заңсыз қарулар мен жарылғыш заттарды анықтап, оларды заң жүзінде тәркілеуге үлкен мүмкіндік береді. Шара кезінде іздеу жарияланған барлық қылмыскерлерді іздестірумен қатар, заңсыз айналымдағы атыс қарулары мен жарылғыш заттар тәркіленіп, заңды түрде тіркелген қарулары бар тұлғаларды тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеру жұмыстары жүргізілетін болады»,-деді Алматы қаласы ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының лицензиялық-рұқсатнама беру жүйесінің бастығы Ерлан Мейманқұлов.
Оның айтуынша, мұндай шара қаламыздағы қылмыстық ахуалдың тұрақтануына оң ықпал етпек.
«Бұл шара барысында қала полициясының барлық сыртқы қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіріледі. Атыс қарулары мен жарылғыш заттарды әшкерелеу мақсатында учаскелік уәкілдер мен жол сақшылары күдік тудырған барлық азаматтарды тексеретін болады. Өйткені, бүгінде қалмызда тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықтар мен травматикалық қарулар саны біршама өсті. Көп жағдайда мұндай қару иелері қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетеміз деген ниетпен қаруларын тіркеуден өткізбейді. Ал көп жағдайда заңды түрде тіркелген қару иелері жай ғана қару сақтаудың қауіпсіздік шаралары мен оны тасымалдаудың қағидаларын сақтамайды»,-деп атап өтті Е.Мейманқұлов.