Алматыда 33 жастағы жігіт қауқарсыз әжелерді тонап келген
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қариялардың алтын бұйымдарын алып кетіп отырған ұры ұсталды. 33 жастағы ер адам зейнет жасындағы әйелдердің құлағындағы сырғалары мен алқаларын жұлып кетіп отырған. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда 16 адам полицияға шағымданып үлгерді.
«ОҚО тумасы көшедегі бейнекамерасы жоқ жерлерді аңдып жүрген. Кәрі кісілердің арт жағынан келіп алтын бұйымдарын алып, қашып кетіп отырған. Соңғы рет ол подьезд алдында әжейдің сырғасын жұлып жатқан жерде бейнекамераға түсіп қалған», - деді Әуезов аудандық ІІБ басшысының орынбасары Құмарбек Кеншінбаев.
Күдікті қазір уақытша оқшаулау орнында қамауда отыр.