Алматыда 34 мектеп «миналанған»: жарылғыш заттар табылған жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Саперлер Алматыда «миналанған» 34 мектепті тексеріп шықты. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 34 мектеп «миналанған»: жарылғыш заттар табылған жоқ

Бұған дейін, Алматының 12 мектебінде жарылғыш заттар іздестіріліп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз. Кейін «миналанған» мектептер саны 34-ке жетті.

Белгісіз адам ақша аударуды талап еткен. Егер ақша аударылмаса мектептерді жарып жіберетінін айтқан.

«Полицияның саперлік бөлім қызметкерлері 34 мектеп бойынша тексеруді аяқтады. Ешқандай жарылғыш құрылғы табылған жоқ», - деді Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жарылғыш зат туралы хабарлама қалдырған адамның жеке басын анықтауға және оны одан әрі ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.