17:44, 26 Сәуір 2021 | GMT +5
Алматыда 35 тонна асфальт зауытқа қайтарылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алатау әкімдігімен бірге жол жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізу кезінде заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы қала құрылысын бақылау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Учаске асфальтбетон жабынын төсеуге дайын емес болып шықты. Бұл асфальтбетон жабынының сапасына және оны одан әрі пайдалану мерзіміне әсер етеді. Сондықтан, асфальт төсеу жұмыстары уақытша тоқтатылды және асфальт зауытына қайтарылды. Мердігер компания жіберген қателіктерді және ескертуді 3-4 күн ішінде жоюы керек», - деп хабарлады басқармадан.
Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы атап өткендей, зауытқа 35 тонна асфальт қайтарылды.
Бұған дейін, Алматы әкімі жол сапасына бақылау күшейтілетінін айтқан болатын.