17:42, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда 366 грамм героин жұтып алған Тәжікстан азаматының мәйіті табылды
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматыда есірткіден уланған Тәжікстан азаматының мәйіті табылды.
Оның асқазанынан салмағы 366 грамды құрайтын 38 орам табылды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтері бойынша, соңғы аптада республикада есірткімен байланысты 248 қылмыс тіркелген. Оның 67 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. «Ақпанның 11-і күні Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің «Дельта-алқап» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері облыстың Мойынқұм ауданының Қылышбай ауылынан 5 шақырымдай жерде 199 килә марихуана жасырылған құпия қойма тапты. Сол маңайдан осы ауылдың тұрғыны ұсталып, ол өзінің марихуананы пайда табу мақсатында жинағандығын мойындады. Ал ақпанның 12-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының «Оңтүстік» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері Мақтаарал ауданына қарасты Атакент ауылында 41 жасар Өзбекстан азаматын қолға түсірді. Тексеру барысында одан денесіне жапсырылған үш түйіншек табылды. Онда салмағы 3 килә героин болған», - дейді Е.Уәли.