Алматыда 4 адам сальмонеллез жұқтырған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сальмонеллез жұқпасының 4 дерегі тіркелді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Былтыр өткір ішек жұқпасынан 127 адам зардап шексе, сальмонеллез жұқпасын 41 адам жұқтырған.
Ауырғандардың арасында 1-14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 39,9% көрсетті.
Мамандардың айтуынша, ауырған адамдардың көпшілігі арнайы рұқсаты жоқ тағам сату орындарынан тамақ сатып алған.
Олардан алынған сауалнама нәтижесінде «Сары арқа» базарындағы «Сосиски детские Беккеренок» шұжықтары, Арыстан мен Барыс базарындағы қияр мен шалқан, Жұлдыз базарындағы жұмыртқалардан, Тастақ базарындағы сиыр етінен, Түрксіб базарындағы қой етінен уланғаны анықталды.
«Биылдың өзінде 20 адам өткір ішек жұқпасын, 4 адам сальмонеллез жұқтырған. Оның ішінде 16 бала бар. Сауалнама нәтижесінде сұралғандардың 18,6%-ы Жұлдыз базарынан шұжық, тартылған ет, жұмыртқа, банан, жүзім, алма сатып алып жеген. Байсат базары маңынан беляш, донер алып тамақтанған. Түрксіб базарынан тауық етін алып жеген», - деді Департамент басшысы Айзат Молдақасымова.
Мамандар санитарлық нормаларға сәйкеспейтін орындардан тамақ сатып алудан сақтануды ескертеді.