Алматыда 4 мектепке дейінгі мекеме ашылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда биыл мектепке дейінгі төрт мекеме ашылды. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқарма басшысының орынбасары Айсұлу Ботаева онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында 2025 жылға дейін алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 100% құрауы керектігін айтқан. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін Алматы қаласында көптеген жұмыс жүргізілуде.
Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Алматыда 1751 орынға арналған отыз бір жеке мектепке дейінгі ұйым бар. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 20 441 орындық 397 жекеменшік балабақшаға орналастырылған. 2020 жылы бір балаға мемлекеттік тапсырыс мөлшері 28 350 теңгені, ата-ана төлемі 18 900 теңгені құрайды.

«Орындардың жетіспеушілігін азайту үшін 2020 жылы төрт мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Атап айтар болсақ Алатау ауданында 120 орындық бір балабақша, Алмалы ауданында 120 орындық бір балабақша, Түрксіб ауданында 280 орындық бір балабақша, Бостандық ауданында «Bi group» АҚ жеке инвесторын тартуымен 150 орындық балабақша ашылды. 2021 жылы Бостандық ауданында №21 мектеп аумағында 120 орындық балабақша ашылады. 520 орынға арналған тағы үш мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр», -деді Айсұлу Ботаева.
