Алматыда «4-ші Тоқыма конгресі» өтті
АЛМАТЫ. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Индустрия және сауда министрлігінің ұйымдастыруымен «4-ші Тоқыма конгресі» өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тоқыма конгресі тоқыма өндірісінің дамуын ынталандыру, мемлекеттік органдар мен тоқыма өндірісімен айналысатын жеке сектордың арасында диалогты қамтамасыз ету, проблемалық мәселелерді белгілеу, оңды әлемдік тәжірибені зерттеу және қолдану арқылы Қазақстанның тоқыма өндірісін дамытуда жаңа жолдарды табу мақсатында өткізілді.
«Конгресте еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту, инвестиция салу жолдары, бұл саланың бүгінгі жағдайы мен болашақтағы перспективалары, тоқыма өндірісінің рөлі мен маңызы, осы саланың заңдық тұрғыда реттелуі, салықтық және кедендік мәселелері, қазақстандық экономиканың шикізаттық емес секторының бәсекелестігін қамтамасыз ету және оның әлемдік шаруашылық байланыстарға енуі және тағы сол сияқты басқа да осы саладағы мәселелер талқыланды», деді жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Сәкен Қабашев.
Конгреске қатысушылардың айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары алынып тасталғаннан кейін жеңіл өнеркәсіп саласының жағдайы 2,1 пайыздан - 0,7 пайызға дейін төмендеген. Осы жағдайда біздің елдің отандық тауар өндірушілері ішкі нарыққа өнімді аз дайындауға көшуге мәжбүр болды. Қазіргі күні жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпорындарының 70-80 пайызы негізінен мемлекеттік, әскери, ұлттық холдингтермен әлеуметік нысандардың тапсырыстарымен ғана жұмыс істеуде. «2001-2003 жылдар аралығындағы жеңілдіктердің арқасында 174 кәсіпорын құрылып, негізгі капитал - 922,2 миллион теңгені құраған болатын», дейді олар.