Алматыда 41 жастағы келіншектен жарты келі гашиш тәркіленді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматылық әйелден жарты келі гашиш тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 41 жастағы келіншектен жарты келі гашиш тәркіленді

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «Ақбұлақ» шағын ауданында 41 жастағы әйел ұсталды.

«Есірткі құралдарының аса ірі көлемде сақталуы туралы жедел ақпарат келіп түскен кезде жедел және арнайы іс-шаралар кешені жүргізілді. Күдіктінің тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту жүргізу нәтижесінде бірнеше бума есірткі заттары табылды және тәркіленді. Сот-химиялық сараптамасы әйелдің жарты келі гашишты сатпақшы болғанын анықтады», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК-ның 296-бабы 4-бөлігінде көрсетілген қылмыс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Күдікті қамауға алынды.