Алматыда 413 шетелдік көлікке заңсыз құжат рәсімдеген 9 маман жауапқа тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Алматыға шетелден әкелінген 413 көліктің сертификаттау құжаты заңсыз рәсімделген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы жылы Қазақстанға импортталған автокөліктерге заңсыз ресімделген 413 құжаттың күші жойылды. Бес мекеменің 9 маманы жауапкершілікке тартылды. Анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін Ішкі істер министрлігі аталған көліктердің жүруіне шектеу қойды», - делінген комитеттің хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев биылғы 10 айда көлік қауіпсіздігі құжаттарын заңсыз бергендер жауапқа тартылғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, осы аралықта 1 326 мемлекеттік тексеру жасалған. Соның 65 пайызында талапқа сәйкес келмейтін фактілер анықталған. Сәйкесінше, оларға жалпы сомасы 140,6 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.