Алматыда 43 шақырым жаңа жол салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистің көше-жол жүйесін дамыту және алдағы кезеңде атқарылатын жол-құрылыс жұмыстарының жоспарлары бойынша кеңес өткізді. Биыл қалаға қосылған аумақтарда, Жаңа Алматының шағын аудандарында жаңа жолдарды салу жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 43 шақырым жаңа жол салынады

Биыл 76 шақырым жолдың құрылысы басталады, оның 43 шақырымын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда. Қалған 33-і «Әлмерек» және «Қайрат» ықшамаудандарындағы сумен жабдықтау және судан бұру жөніндегі инженерлік желілердің құрылысы аяқталған соң жүзеге асады.

Жол құрылысы Алатау ауданындағы «Өжет», «Самғау», «Шаңырақ-5»; Наурызбай ауданындағы «Құрамыс»; Түрксіб ауданындағы «Әлмерек», «Нұршашқан», «Қайрат» шағын аудандардан басталады. Аталған аудардарда 54 мыңға жуық адам тұрады.

Мысалы, «Самғау» ықшамауданында жалпы ұзындығы 23 шақырым жол бар, оның 18,4 шақырымы асфальтталған. 25 көшедегі қалған 4,6 шақырымында жол төсемі жоқ, мұнда жаңа жолдар салынатын болады.

«Шаңырақ-5» ықшамауданындағы 29 көшеге 6,6 шақырым жаңа жол салынады. «Өжет» ықшамауданында - 87 көшеге 11,2 шақырым; «Құрамыс» ықшамауданында - 27 көшеге 4,9 шақырым; «Әлмерек» ықшамауданында - 46 көшеге 14,6 шақырым жол салынатын болады. «Нұршашқанда» 25 көшеге 4,9 шақырым, «Қайрат» ықшамауданындағы 20 көшеге 4,9 шақырым жаңа жолдар салынады.

2020 жылы сумен қамту және судан бұру бойынша инженерлік желілер тартылған «Думан» ықшамауданының жолдарына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Ағымдағы жылы 59 көшедегі 26,8 шақырым жол күрделі жөнделеді. Өткен жылы 6 көшедегі ұзындығы 3,7 шақырым болатын жолдарға күрделі жөндеу жүргізілген болатын.

Сондай-ақ биыл ұзындығы 183 шақырым болатын 190 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарда, оның төрттен бір бөлігі Алатау ауданына тиесілі.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев жол-құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды, белгіленген мерзімдерді сақтауды тапсырды. Өткен жылдағыдай, биыл да Жаңа Алматы аудандарына жаңа жолдар салуға басымдық беріледі.

Бүгінгі күні мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ды құрайды. Жыл аяғында бұл көрсеткіш 83%-ға жететін болады.