Алматыда 474 мектеп бітіруші «Алтын белгі» алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 474 түлекке «Алтын белгі» марапаты салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Алтын белгі» төсбелгісімен 5-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқу үздіктері марапатталады. Биыл Алматы қаласы мектептерінің 474 түлегі «Алтын белгі» жоғары наградасына ие болу құқығын растады, оның ішінде қала мектептерінің 423 түлегі және 51-і – республикалық мектептер бітірушісі (НЗМ, РФММ, Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мектеп-интернаты).


Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, сегіз аудан әкімі мен білім беру ардагерлері әр түлекке «Алтын белгі» жоғары марапатын тапсырды.

«Алтын белгі» иеленген түлектерді осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын, сіздер қаламыздың мақтанышысыздар. Алға ұмтылып, жүректерің қалаған мамандықты алуды тілеймін. Жастардың болашақ жетістіктері елдің дамуына зор үлес қосатынына сенімдімін. Мен өнегелі ұрпақ тәрбиелеген мұғалімдер мен ата-аналарға алғыс білдіремін. Барлық үміттеріңіз бен армандарыңыз орындалсын!» - деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.


Айта кетерлігі, «Алтын белгімен» марапатталғандардың конкурс кезінде білім беру грантын алуға басым құқығы бар. Сонымен қатар, биыл халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 7 алтын, 11 күміс және 23 қола медаль жеңіп алған мегаполис оқушылары да марапатталды.

2023 жылы Алматы мектептерін барлығы 14 876 оқушы, оның ішінде мемлекеттік мектептерді 12 682, жекеменшік мектептерді 2 194 бала бітірді.


Мерекелік марапаттау барысында түлектер шеруіне қоса мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада қонақтар алдында түлектер мен «Rise» шоу-балеті, Айқын Төлепберген, Alpha тобы және қазақстандық эстраданың басқа да әртістері өнер көрсетті.

Салтанатты іс-шара соңында түлектер дәстүр бойынша Динайдың «Құс жолы» әні ырғағымен мектеппен қоштасу вальсін орындады. Бұл балалық шақтағы естеліктердің соңғы аккорды болды, оны әркім өмір бойы жүрегінде сақтайды.


Соңғы жаңалықтар