Алматыда 5 көлік соқтығысып, 2 бала жарақат алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қатты жауған жауын салдарынан Mitsubishi Galant пен Toyota Camry 3 рет соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 5 көлік соқтығысып, 2 бала жарақат алды

Жол апаты Саин көшесінің бойында болды.

Саин көшесімен солтүстікке бағыт алып бара жатқан Тойота Камри жүргізушісі Төле би көшесіне жетпей тоқтамақ болғанда, оның артынан Mitsubishi Galant көлігі соғып тоқтаған. Жүргізушілер көліктен шығып мәмілеге келмек болғанда, көліктерді солтүстік бағытта келе жатқан тағы бір Mitsubishi Galant соғып кетеді. Алайда, Соққан Mitsubishi Galant жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

Жүргізушілер мән-жайды анықтап алмай жатып, Саин көшесімен ызғытып келе жатқан Лексус 470 көлігі бірінің артынан бірі тұрған Mitsubishi Galant мен Toyota Camry көлігін тағы соғып кетеді.

Біраз уақыттан соң жауын суынан Мерседес С класс көлігі тізгінін тарта алмай жол шетіндегі Mitsubishi Galant мен Toyota Camry көлігін тағы барып соғады.

Жол апаты салдарынан Mitsubishi Galant көлігінен 2  бала зардап шеккен. Оларға медициналық көмек көрсетілген соң амбулаториялық емдеуге жіберілді.