Алматыда 5 мемлекеттің әскерилері бас қосты
АЛМАТЫ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс институтында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қытай арасындағы 1996 жылғы Шанхай, 1997 жылғы Мәскеу келісімдеріне сәйкес әскери салада ынтымақтастықты дамыту мақсатында аймақтық семинар өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинарға Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің әскери құрылымдарының өкілдері қатысуда.
«Маңызды әскери және саяси шешімдер бейбітшіліктің сақталуына ғана емес, бейбіт көршілікті одан әрі жалғастыруға да әсер етеді.Бүгінгі шара 5 мемлекеттің әскери салада өзара түсіністігін нығайту, пікір алмасу, кеңес беру бағытында өтеді», дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембинов.Семинар Шанхай және Мәскеу келісімдерінің алғашқы отырысының 10 жылдығына арналып өткізілуде.Семинарды өткізу туралы шешім 5 мемлекеттің арасындағы бақылау тобының 21-ші сессиясы барысында қабылданған болатын.Семинарда Шанхай және Мәскеу келісімінде қарастырылған мәселелердің барлығы талқылануда.