Алматыда 5 мың теңге пара алмақ болған әділет департаментінің бас маманы ұсталды
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы облыстық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасның қызметкерлері анықтама жазып бергені үшін 5 мың теңге пара алмақ болған Әділет департаментінің бас маманын қылмыс үстінде қолға түсірді.
Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондай-ақ департамент бастығының мәліметтеріне қарағанда, ақпанның 2-сі күні Қарағандыда белгісіз екі азамат көшеде кетіп бара жатқан әйел азаматтың ақша, ұялы телефон мен құжаттары салынған сөмкесін жұлып алып қашқан. «Тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен жергілікті екі тұрғынды ұстап, олар өздері жасаған әрекеттерін мойындаған. Қазіргі таңда қарақшылардың аймақтағы өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», деді Қ.Жұманов.
Департамент бастығы сонымен қатар Ақтөбе облысында жалған құжаттар жасаумен айналысқан алаяқтардың ұсталғандығын айтты. Оның мәліметтерінше, Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментіне аймақта белгісіз біреулердің түрлі құжаттар мен есеп беру бланкілерін және уақытша жүргізуші куәлігі мен жоғары білім алғандығы туралы диплом жасаумен сондай-ақ өзге де бірқатар құжаттар жасаумен айналысатын топ бар екендігі жөнінде құпия мәлімет келіп түскен. «Аталмыш мәлімет бойынша осы аймақтағы баспа өнімдерімен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар 48 жасар азамат ұсталды. Одан жүргізушіге уақытша берілетін куәлік талондары мен қауіпсіздік қызметкерлерінің арнайы дайындықтан өткендігін растайтын 16 бланкі мен Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірін бітіргендігі жөніндегі диплом табылды», деді департамент бастығы.