Алматыда 53 млн теңге ұрлаған хакерлерге қатысты сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы №2 Бостандық ауданында кибер қылмыс жасаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі сот залынан.

Алматыда 53 млн теңге ұрлаған хакерлерге қатысты сот үкімі шықты

Тергеушілердің нұсқасы бойынша топқа Алмаз Омаров және Бауыржан Дастаров жетекшілік еткен. Олар ҚР ҚК-нің 8-бабы бойынша жауапқа тартылып отыр.

«Алмаз Омаров ҚР Қылмыстық кодексінің 188, 24, 208, 262 баптары бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 7 жыл 6 айға сотталды және оған 5 жыл компьютер технологиясына байланысты қызметтен шектеу жазасы тағайындалды», - деді үкімді жария еткен судья Роман Селицкий.

Ол жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейді.

Ал Бауыржан Дастаров да мүлкі тәркілене отырып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, оған да 5 жыл компьютер технологиясына қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сотталушы енді жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейтін болды.

 

Қалған қылмыстық топ мүшелеріне әртүрлі мерзім бойынша жаза кесілді. Қылмыстық іс 121 томнан тұрады. Ол бойынша 45 жәбірленуші іске тартылып, 58 адам куәлік берді.

Киберқылмыскерлер келтірген шығын көлемі - 53 млн теңге.

Тергеушілердің нұсқасында Омаров мен Дастаров ҚР Бас Прокуратурасы, Салық комитеті, Қаржы министрлігі сынды бірқатар мемлекет органдар атынан 1С бухгалтерия бағдарламасы бар кәсіпорындардың электронды пошталарына вирусы бар хаттар жолдаған.

Хатты алушылар жолданған сілтеме арқылы кіріп, компьютерге қатерлі бағдарламаның енуіне жол ашқан. Осылай қолданушылардың компьютерлеріне алыстан кірген хакерлер мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың ақшаларын арнайы есеп шоттарға аударып алған.