Алматыда 567 заңды тұлға қосылған құн салығына қатысты есептен шығарылды
Үстіміздегі жылдың басынан бері жүргізілген салықтық зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қалада 855 заңды тұлға тіркеу мәліметтерінде көрсетілген мекенжайларында болмай шыққан. Осыған байланысты салық төлеушілерге тұратын жерлерін растау керектігі туралы хабарлама таратылды. Оны орындауға 20 күн уақыт берілді. Қазіргі таңда 567 салық төлеушіге қатысты салықтық зерттеу кезінде жоқ болу себебі туралы түсініктеме беру уақыты өтіп кетті. Осыған байланысты аталған салық төлеушілер Қосылған құн салығына қатысты есептен шығарылды және олардың банк шоттары бойынша шығыс операциялары уақытша тоқтатылды. Егер қалған 288 салық төлеуші белгіленген уақытта түсініктеме бермесе, салық органдары оларға да жоғарыда аталған шараларды қолданады. Мекенжайы бойынша табылмаған заңды тұлғалардың жалған кәсіпкерлік үшін құрылғандығын тәжірибе көрсетіп отыр. Яғни, олар орындалмаған жұмыстар мен қызметтерге жалған шот-фактура жазумен айналысқан, делінген баспасөз қызметінің мәліметінде. Айта кетейік, Алматы қ. салық органдары қазір жалған кәсіпкерлікті жою және оның алдын алу үшін ауқымды жұмыстар жүргізуде. Қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке тұрған салық төлеушілердің мекенжайларын тексеру осы мақсатта жүргізіліп жатыр. Естеріңізге салайық, салықтық зерттеу - салықтық тексерудің бір түрі. Бұл шараны салық органдары жұмыс күндері салық төлеушінің тіркеу мәліметтерінде көрсетілген мекенжайлары бойынша салық төлеушінің осы мекенжайда бар-жоғын анықтау үшін жүргізеді. Қазір осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасуда.