Алматыда 600 жаңа автобус сатып алынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда биыл 600 автобус сатып алу жоспарда. Бұл туралы Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 600 жаңа автобус сатып алынады

Оның 200-і Алатау ауданындағы 19 маршрутты жаңартуға бағытталады.

Ерболат Досаевтың сөзінше, бұдан бөлек жеке тасымалдаушылар осы жылдың төртінші тоқсанына дейін 73 автобус сатып алады. Олар 7 маршруттағы (№18, 19, 46, 98, 99, 109, 122) жаңартуды жоспарлап отыр.

«Біздің алдыңғы кездесулерімізде сіздердің өтініштеріңіздің дені кейбір маршруттардың қолайсыздығы мен жоспарланған қозғалыс аралығының сақталмауы сияқты қоғамдық көлік жұмысының сапасына қатысты болды. Сондықтан біз бұл мәселелерді шешіп жатырмыз», - деді әкім.

Қала басшысы 2022 жылы әкімдік 450 жаңа автобус сатып алғанын, оның 92-сі (20%) Алатау ауданына берілгенін атап өтті.