Алматыда 753 бос жатқан жер телімдері анықталды - Б.Байбек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Алматыда биыл кәсіпкерлерді өндіріс алаңдарымен қамтамасыз ету мақсатында жер телімдерін жаппай түгендеу шарасы жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша барлығы 753 бос жатқан жер телімдері анықталды. Олардың 80 пайызына меншік иелерінің пайдалануына шектеу қойылды.
Бұл туралы бүгін Алматыда Орталық коммуникация қызметінің филиалында Ұлт жоспары - «100 нақты қадамды» орындауда аралық кезеңде жүзеге асырылған істерді қорытындылау бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында қала әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.
«Алматыда бос жатқан жер жоқ» деген сөзді жиі естисің. Жер жоқ емес, бар. Бірақ, оларды анықтап, айналымға енгізу қажет. Алматыда тіпті мақсатсыз қолданылып жатқан ауыл шаруашылық жер телімдері бар. Мұндай жерлер алдағы уақытта мәжбүрлі түрде қала меншігіне алынып, саудаға шығарылуы мүмкін. Қазір, қалада жалпы аумағы 329 гектар болатын 107 жер телімінің меншік иелеріне ескерту жіберілді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қалада жалпы аумағы 88 гектар болатын, жұмысы тоқтап тұрған 116 өндіріс нысандары анықталды. Міне, сол нысандарда қосымша инфрақұрылым жасауға ақша шығындамай-ақ, жаңа өндіріс көзін ашуға болады. Бұл нысандар туралы қосымша ақпарат Алматы әкімдігінің сайтында жарияланатын болады», - деді Б. Байбек.