Алматыда 77 жасар қария әйелін қызғанып, пышақтап тастапты
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы облысының Қарасай ауданында 77 жасар қария өзінің әйелін біреуден қызғанып, пышақтап тастаған. Бұл оқиға жөнінде бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, оқиға ақпан айының соңына таман болған. Қала тұрғындары Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына хабарласып, тауарлы-сүт фермасының жанындағы қоқыста бірнеше жерінен пышақталған әйелдің мәйіті жатқандығын айтқан. Аталмыш қылмысты іздестіру барысында қаланың 77 жасар азаматы ұсталып, ол өз кінәсін мойындаған.
Сондай-ақ департамент басшысының мәліметтерінше, Алматыда 5 адамнан құрылған қылмыстық топ құрықталған. Олар осы уақытқа дейін қаладағы кеңселер мен ұйым, мекемелерге және тұрғын үйлерге қарақшылық шабуыл жасаумен айналысқан. Қылмыскерлерді құрықтау кезінде олардан денеге зақым келтіретін тапанша мен шоқпар, есік пен сейфтерді ашуға арналған құралдар табылған. «Тәртіп сақшылары аталмыш топтың кезекті қарақшылық шабуылға шыққалы жатқаны жөніндегі жедел ақпаратты алған соң, оларды тұрып жатқан пәтерінде қолға түсірді», деді департамент бастығы.