Алматыда 8 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2022 жылы мегаполисте 8 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Спикердің сөзінше, былтыр Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қала аумағындағы 8 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Олар - «Innova Gold», «QOZGAN», «Тhe Finiko», «Grand lux house», «Tender», «Альфа Сейлс Консалтинг», «Forex клуб», «Rich Beach».

ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабымен қаржы пирамидасы бойынша қозғалған 6 қылмыстық іс сотқа жолданды: «Caspian Crocus», «TheFiniko», «World Business Consulting» - 2, «Qozgan Inc», «B2B Jewelry».

Жоғарыда аталған қаржы пирамидаларынан 3500-ден астам азамат зардап шекті.

«Мәселен, «Qozgan Inc» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқталды. Ұйымдастырушылар азаматтарға өздерінің ақшалай қаражаттарын тендерлік жобаларға салуды ұсынды, бұл 105 күн ішінде салым сомасының 5-30 пайызға дейін еселеп қайтаруға болады деп сендірген. Салымшылардың жалпы саны 50-ден астам адамды құрайды, келтірілген залал сомасы 270 млн теңгеден асты»,- деді Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан.

Сондай-ақ, құрамында алтын элементтері бар алтын құймалары мен косметикалық өнімдерді сататын интернет-дүкен ретінде жасырынған «Innova Gold» инвестициялық пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі іс тергеліп жатыр.

«Innova Gold» ұйымдастырушылары азаматтардың сеніміне кіріп, жобаға шақырған. Қаражат салғаны үшін бонустар есептеуге, сондай-ақ егер клиент өзімен бірге басқа салымшыларды алып келген болса, жобадағы рөлін ілгерілетуге уәде берген. Азаматтар салған ақшалай қаражаты «Innova Gold» сайтындағы салымшының жеке кабинетінде көрсетілді, алайда сайт пайдаланушылары өз қаражатын іс жүзінде қолма-қол ақшаға айналдыра алмады»,- деді ол.

Жақсылық Мырзаханның айтуынша, экономикалық тергеу қызметі қабылданған шаралардың нәтижесінде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың банк шотына, жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды.

Мысалы, «World Business Consulting» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша сегіз жәбірленушіге келген 34, 2 млн теңге залал өтелді.

Бұған дейін «B2B Jewerly» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша 230-дан астам жәбірленушіге 300 млн теңге залал өтелгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар