12:52, 12 Шілде 2017 | GMT +5
Алматыда 80 жастағы кейуана күйік шалып, көз жұмды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда газ қоспасының жарылысынан жапа шеккен 80 жастағы кейуана күйік шалып көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, әйелдің денесінің 80 пайызын күйік шалған. Ол Орталық клиникалық ауруханада есін жимастан көз жұмды.
Газ қоспасының қопарылысынан жапа шеккен 45 жастағы ер адамның жағдайы туралы дәрігерлер кейінірек айтып бермек.
Айта кету керек, төтенше жағдай таңғы 8:00-де Бостандық ауданындағы Орбита-4 шағын ауданы №11 бес қабатты үйде болған.
Қалалық Жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, төртінші қабаттағы пәтерде газ ауа қоспасы қопарылып, 80 жастағы әйелді күйік шалды . Сондай-ақ, төтенше жағдайдан 45 жастағы ер адам жапа шекті. Ол №4 ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ, қопарылыс салдарынан пәтердің есіктері мен терезелері сынып, жиһаздар бүлінген.