Алматыда 9 айда 94 қала тұрғыны теріс діни ағымның ықпалынан құтылған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 9 айдың ішінде 94 қала тұрғыны деструктивті теріс ағымның ықпалынан құтылған. Бұл туралы Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке баспасөз мәслихатында, айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда 9 айда 94 қала тұрғыны теріс діни ағымның ықпалынан құтылған

Алматыда 2016 жылдан бастап ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс істейді. Оның құрамында дін саласындағы 41 білікті маман кірген. Олар: тарихшылар, дінтанушылар, исламтанушылар, заңгер, философ, психологтар, және дін сарапшылар.

«Оңалту жұмыстары бойынша биылғы 9 айдың ішінде 94 қала тұрғыны деструктивті теріс діни ағымның ықпалынан құтылып, дәстүрлі ислам дініне оралды. Сондай-ақ, Алматыда 184 діни бірлестік, 115 діни ғимарат жұмыс істейді, сондай-ақ 64 миссионер тіркелген»,- деді Ерғали Көшеке.

Оның айтуынша, Алматыда бүгінде 4 діни оқу орны жұмыс істейді. Олар: «Нұр Мүбарак» университеті, Имамдардың біліктілігін арттыру институты, «Әбу ханифа» медресесі, Православ шіркеуінің Алматы діни семинариясы.