Алматыда 9 мыңнан астам ПТР-тестіні заңсыз сатқандар ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР-тестінің 9 мыңнан астам данасын заңсыз сатқандар ұсталды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда 9 мыңнан астам ПТР-тестіні заңсыз сатқандар ұсталды

Аталмыш комитеттің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қалалық Полиция департаменті және МКД қызметкерлерімен бірге 7 шілде күні жедел-іздестіру шараларын өткізіп, коронавирусқа ПТР-тестілерді сатқан адамдарды ұстаған. Оларда кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат құжаттары болмаған.

«Ұсталған тұлғалар жалпы сомасы 32 900 000 теңгеге 7000 ПТР-тестіні заңсыз сатпақ болғаны анықталды. Тексеріс барысында автокөліктен ҚХР өндірілген тағы 2225 ПТР-тесті анықталып, тәркіленді.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 214-бабы 1-бөлігіне (заңсыз кәсіпкерлік) сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалды», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барлық өңірде дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттату фактілерін анықтау бойынша рейдтер өткізілуде.