Алматыда 93 жасқа қараған шағында көрнекті жаңашыл-педагог және қоғам қайраткері Рафиқа Нұртазина дүниеден озды
АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Алматыда 93 жасқа қараған шағында көрнекті жаңашыл-педагог және қоғам қайраткері Рафиқа Бекенқызы Нұртазина дүниеден өтті. Кеше оны қала жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды.
Ол шын мәнінде ұстаздардың ұстазы болды. Рафиқа Бекенқызы өзінің сүйікті ісіне 60 жылға жуық өмірін арнады, оның шәкірттері ондаған мыңнан асады. Бүгінде олар Қазақстанның түпкір-түпкірінде, одан да тысқары жерлерде еңбек етеді, олардың арасында танмал адамдар аз емес.
Оның ұстаздық қызметі қалай мақтауға да сияды, дегенмен де оның ең елеулісі - өзі орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі бола отырып, Алматының қақ ортасында бірден-бір №12 қазақ мектебін ашуы болды. 60-шы жылдардың соңында 70-ші жылдардың басында мұндай іс-әрекетке бару ерлікке пара-пар қадам еді.
Рафиқа Бекенқызы Нұртазина 1921 жылы 8 наурызда Павлодар облысы, Павлодар ауданы 6-ауылында дүниеге келді. Педагог-әдістемеші, ғалым, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім (1966), Социалистік Еңбек Ері (1968), педагогика ғылымдарының кандидаты (1974). Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогика институтының филология факультетін бітірген (1951). 1951 - 71 жылдары Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1971 жылдан сол мектептің директоры болды. 1972 жылы республикалық педагогикалық қоғам төрайымы болып сайланды. Нұртазина - 40-тан астам ғылыми әдістемелік еңбектің (орыс тілінде) авторы, ол қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысты. Ленин (1968), "Құрмет белгісі" (1966) ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.