Алматыда 95 жатақхананың 20-нан кемшіліктер табылды – мониторингілік топ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда мониторингілік топ екінші мәрте жатақханаларды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 95 жатақхананың 20-нан кемшіліктер табылды – мониторингілік топ

Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Ғазиз Қажденбековтің айтуынша, 11-16 тамыз аралығында өткен алғашқы мониторинг барысында 95 жатақхананың 20-нан кемшіліктер анықталған.

«Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі, жөндеу жұмыстарының әлі аяқталмауы, санэпид нормаларының талапқа сай келмеуі, студенттердің жатақханаға ретсіз орналасуы сынды кемшіліктер табылды. Біз оларды жазып, түзету керектігі жөнінде ЖОО-ларға ескертіп кеткенбіз. Тамыз айында қала әкімі Ерболат Досаев 5 қыркүйектен кейін қайта мониторинг жасау туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты екінші мониторинг жұмыстарын бастадық. Біздің топтың құрамында мәслихат депутаттары, қоғам және БАҚ өкілдері, жастар, жиыны 51 адам бар», - деді ол.

Ғ. Қажденбеков сондай-ақ бүгінде Алматыдағы 95 жатақханаға 30 мың студент орналастырылғанын атап өтті.

«Өткен жылы Алматыға өзге өңірлерден 112 мың студент келсе, биыл 120 мың студент келді. Сондай-ақ қазіргі уақытта тек 30 мың студент қана қаладағы 95 жатақханамен қамтылған», - деді спикер.

Ол студенттердің Алматыда жатақханадан орын таппай, қаңғырып, көшеде жатып жүр деуге негіз жоқ екенін айтты.

«Біз жақында түнгі уақытта көшеге шығып, вокзал, автовокзал, тағы басқа қоғамдық орындарды аралап тексердік. Ол жерлерге қонып жүрген бірде-бір студентті көрген жоқпыз», - деді спикер.

Оның айтуынша, Алматыдағы хостелдерде тұрудың орташа бағасы бүгінде шамамен 50 мың теңге болса, жатақханалардың орташа бағасы 35-50 мың теңгенің арасында.

Сонымен қатар Ғазиз Қажденбеков Жастар саясаты басқармасының Facebook-парақшасында әрбір ЖОО студенттерінің жатақханаға орналасуына байланысты жауапты маманның байланыс номерлері жарияланғанын жеткізді.

«Егер жатақханаға тұра алмаған студенттер болса, осы мамандарға хабарласа алады», - деді ол.

Айта кетейік, мониторингілік топ бүгін екінші тексеріс жұмысын аяқтап, Алматыдағы 36 ЖОО мен 95 жатақхананы аралап шықты.

Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, мониторинг қорытындысы бойынша ЖОО-лардың көпшілігі әкімдіктің ескерту-ұсыныстарын ескеріп, алдыңғы мониторинг кезінде анықталған кемшіліктерді жойған.






Фото: gadgetshelp.com