Алматыда А, Арыстанбекованың «Халықаралық қатынастардағы қазіргі заманғы беталыстар» атты кітабы таныстырылды
АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақстанның дипломатия қызметінің ардагері, қазақтан шыққан тұңғыш әйел дипломат Ақмарал Арыстанбекованың «Халықаралық қатынастардағы қазіргі заманғы беталыстар» атты кітабы таныстырылды.
Монография ХХ және ХХІ ғасырлар межесіндегі әлемдегі жаһандану мен өзара тәуелділіктің артуының ықпалымен халықаралық жүйеде болған сапалық реттегі түбегейлі өзгерістерді ғылыми зерттеуге арналған. Кітапта әлемдік интеллектілік кеңістіктегі халықаралық қатынастар саласындағы ең жаңа жарияланымдарды зерттеу негізінде қазіргі заманғы жаһандық басым проблемалар зерделенген.
Автордың айтуынша, ХХІ ғасырда қалыптасып отырған тарихи мән-мәтіні әлемдік саясаттағы жаңа беталыстармен, халықаралық қатынастардағы жаңа қатысушылардың қарекетінің күшеюімен, «күш», «қауіпсіздік», «ұлттық мүдделер» секілді негізгі ұғымдардың мәнінің кеңеюімен, әлемдік саясатта жаңа ықпал орталықтарының пайда болуымен ерекшеленеді.
Ақмарал Арыстанбекованың пікірінше, қазіргі заманғы әлемдік үдерістер өскелең дәрежеде жаһанданудың ықпалымен анықталады. «Мұның мәнісі мемлекет ұлттар жүйесінен біртұтас әлем мен трансұлттық қоғамдастыққа қарай құрылымдық өзгеріс болып отыр»,-деді ол.
Кітап жеті тараудан тұрады. Бұнымен қатар автор қазіргі заманғы терминдер сөздігін құрастырған. Онда халықаралық ұйымдардың құжаттарында және шетелдік зерттеушілердің халықаралық қатынастар мен дүниежүзілік саясат проблемалары жөніндегі жарияланымдарында жиі пайдаланылатын, ағылшын тіліндегі 100-ден астам термин қамтылған.