Алматыда Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған олимпиаданың жеңімпаздары анықталды (ФОТО)

Оған Қыздар университетінің «Болашақ» тобы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Алаш Орда» тобы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Ұлы дала» тобы, Тұран университетінің «Тұран» тобы, Алматы технологиялық университетінің «Айбынды Алаш ұрпағы» тобы және Алматы университетінің «Жерұйық» тобы қатысты.
Дәстүрге айналған шараны Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Олимпиаданы ұйымдастырудағы басты мақсат - студенттердің бойына өз еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезімді ұялату. Әлихан Бөкейханұлының тұлғасы мен Алаш қозғалысын айшықтай отырып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихының маңыздылығын түсіндіру және жастарды ұлтжанды азамат болуға тәрбиелеу», - деді Б. Әлиев.
Студенттер интеллектуалды олимпиадада бес бағыт: «Таныстыру», «Ұяшықтар құпиясы», «Бейне сұрақ», «Алтын қақпа» және «Ой толғау» арқылы білімдерін сарапқа салды.
«Бірінші сайыста өздерін таныстырып өткен командалар, екінші кезеңде «Мемлекеттік басқару», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан», «Алаш қозғалысы», «Кемеңгер тұлғалардың өмірі мен қызметі» деген тақырыптарға арналған сұрақтар бойынша бақ сынасты.
«Бейне сұрақ» деп аталатын үшінші кезеңде Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметі, Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылу тарихы, ел рәміздері мен қазақ тарихына байланысты бейнесауалдарға жауап берді.
«Алтын қақпа» сайысында Президент, Үкімет, автономия, демократия, құқық, ұлт, мәдениет және тағы басқа да сөздердің мән-мағынасын қазақ және ағылшын тілдерінде түсіндіріп сынға түссе, «Ой толғау» сайысында жәшікте жасырынған заттарды тапты. Сұрақтардың дені Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметі мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихына арналды, - деп хабарлайды Қыздар университетінің баспасөз қызметі.
Қатысушылардың білімдері мен біліктіліктеріне Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әділхан Құдайбергенов және Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторанты Рысбек Омарбаев қазылық етті.
Сонымен, Олимпиада қорытындысы бойынша 1-ші орынды Тұран университетінің «Тұран» тобы жеңіп алды. Екінші орынға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Алаш Орда» тобы ие болды. Ал С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Ұлы дала» тобы мен Қыздар университетінің «Болашақ» тобы үшінші орынды өзара бөлісті.
Жеңімпаздардың барлығы дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал, топтарды дайындағын жетекшілерге алғыс хаттар табыс етілді.
Айта кетелік, биыл Алаш қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері, көсемсөзші Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толып отыр.
Бүкіләлемдік дара тұлға ретінде танылған Алаш қайраткерінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде, яғни бүкіл әлем бойынша тойланатын болады.
Бұл туралы ЮНЕСКО-ның 2015 жылы 18 қарашада Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-ші сессиясында жария етілгенін естеріңізге саламыз.