Алматыда Абай даңғылын ұзарту үшін 63 жер учаскесі сатып алынады
Наурызбай ауданы тұрғындарының бірі қала әкімінен Абай даңғылын ұзарту үшін қалған саяжайлар қашан сүрілетінін сұрады.
Ерболат Досаев 63 жер телімін сатып алу қажеттігін, оның 53-і қазірдің өзінде мемлекет меншігінде екенін айтты.
Қалған 10 жер телімінің екеуі мұрагерлік құқыққа байланысты түзетіліп жатса, төрт жоба сотқа өткен.
Айтуынша, аталған мәселелер мамыр айының соңына дейін шешілуі тиіс.
«Бағалау ескірген, біз оны жаңартуға мәжбүрміз, өйткені төлем жасау кезінде жаңадан бағалау керек. Сатып алу жөнінде сұрақтар жиналып қалды. Жер қатынастары басқармасына мұны мамыр айының соңына дейін реттеуді тапсырдым. Біз бұл жұмысты былтыр жасауымыз керек еді, ақша болды. Келісімшарт жасасып, сатып алғаннан кейін жұмысқа кірісеміз», – деп түсіндірді Ерболат Досаев.
Еске салайық, осы жылдың ақпан айында шаһар басшысы Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталатынын айтқан еді.